
Талдықорған қаласында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалы мен партия жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен «Қызғылт қазан» акциясы аясында «Әйел өмірі үшін» атты символдық жүгіру іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, ауруды ерте анықтаудың маңыздылығын түсіндіру, әйелдер денсаулығына қоғам назарын аудару және обыр дертімен күресіп жүрген жандарға қолдау көрсету.
Акция барысында партия жанындағы «Әйелдер қанатының» белсенділері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты. 100-ге жуық әйел символдық жүгіруге қатысып, сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресте бірлік пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде жүрек бейнесін қалыптастырды.

Қатысушылардың бұл бастамасы – обырмен күресіп жүрген әйелдерге үміт сыйлап, олардың жанында қолдаушы жандар бар екенін білдіретін маңызды үндеу. Сонымен қатар акция әйелдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және аурудың алдын алуға шақырады.
«Әйел өмірі үшін» акциясы аясындағы мұндай бастамалар қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастырып, әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау ауруды емдеу мүмкіндіктерін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан ақпараттандыру, медициналық тексеруден өту және жақындардың қолдауы ерекше мәнге ие.
«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі Гүлниса Тұлымшақованың айтуынша, мұндай бастамалар әйелдердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етіп, қоғамда жанашырлық пен қолдау мәдениетін қалыптастырады.
«Бүгінгі іс-шараға қатысушылар ортақ мақсат жолында бірігіп, обыр дертімен күресіп жүрген жандарға қолдау білдірді. Әрбір әйел өзінің жалғыз емес екенін сезініп, өмірге деген сенімін жоғалтпауы маңызды. Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін уақытылы медициналық тексеруден өтіп, денсаулыққа бейжай қарамау қажет. Біздің мақсатымыз – әйелдерге осының маңызын түсіндіріп, олардың денсаулығын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдау», – деді Гүлниса Тұлымшақова.
«Әйел өмірі үшін» акциясы әйелдердің денсаулығын қорғау, обырдың алдын алу және қоғамда өзара қолдау мәдениетін нығайтуға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.
