Жетісуда өтетін ауқымды жазғы фестивальдерге 10 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде

Жетісу облысында ішкі туризмді дамыту мақсатында 2026 жылға арналған туристік іс-шаралардың жоспар-күнтізбесі бекітіліп, оның аясында бүгінгі күнге дейін 11 іс-шара сәтті өткізілді. Сонымен қатар өңірдің үш ірі фестивалі — «Сиверс алмасының гүлденуі», «Алакөл толқыны» және «Алтын-Емел — құландар мекені» республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді.
Жазғы маусымда өңірдің басты туристік аймақтары — Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауында екі ірі фестиваль ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Алғашқысы 25 шілде күні Ақши ауылында өтетін дәстүрлі «Алакөл толқыны» фестивалі. Іс-шара Алакөл курорттық аймағының туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған. Бағдарламада жағалаудағы ойын-сауық шаралары, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт, DJ-сеттер, ерекше жанрдағы өнерпаздардың қойылымдары, интерактивті алаңдар, байқаулар мен мерекелік отшашу жоспарланған.
Жаздың тағы бір басты оқиғасы Балқаш көлінің жағасында өтетін «Zhetysu Balkhash Fest — 2026» фестивалі. Іс-шара алғашқы коммуналдық жағажайдың ашылуына орай ұйымдастырылып, Балқашты Қазақстанның перспективалы туристік бағыттарының бірі ретінде танытуға бағытталған. Фестиваль аясында мерекелік концерт, DJ-лердің өнер көрсетуі, жастарға арналған көбік кеші және өзге де ойын-сауық бағдарламалары ұсынылады.

Мәліметпен бөлісу: