Жетісудың Алмалы ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында заманауи спорт кешені іске қосылды

Жетісу облысының тағы бір елді мекенінде жаңа спорт кешені іске қосылды. Сарқан ауданы Алмалы ауылындағы бұл заманауи спорт нысаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынды. Жалпы биыл облыста 17 жаңа спорт объектілерінің құрылысына 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, соның ішінде Алмалыдағы бұл спорт кешені – биылдыққа пайдалануға беріліп отырған алтыншы нысан, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа спорт кешеніндегі волейбол, баскетбол, күрес, бокс залдары, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне арналған бөлмелер барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сол сияқты киім ілетін, жуынатын орындар қарастырылған. Нысан ауласында шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары бар. Нысан 50 орынға лайықталған.

Бұл қуанышты жаңалыққа ауыл тұрғындары да дән риза.

— Біздің ауыл әуелден спортқа жақын. Кезінде біздің өңірден Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев сияқты атақты палуандар шыққан. Мемлекеттің осындай қолдауынан кейін сондай даңқты спортшылардың жолын жалғайтын жастарымыз ауылымыздан көптеп шығатынына сенемін, — ауыл тұрғыны Зағиля Балабекова.

Ауылдағы спорттық секцияға қатысушы жас спортшылардың бірі Дархан Нұрахмет те пікір бөлісті:

— Бұған дейін жаттықтырушымыз ауылымыздан 3 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына бізді өз көлігімен жаттығуға апарып жүрген. Қыстағы суықта барып-келу қиын болатын. Енді алысқа бармай-ақ өз ауылымызда жаттығатынымызға қатты қуанып отырмыз. Ауылымызға салынған спорт кешенінде бұдан былай тұрақты дайындала аламыз, — дейді жас палуан.

Атап өтсек, Сарқан ауданы Алмалы ауылындағы жалпы аумағы 1343 шаршы метр болатын бұл спорт кешенінің құрылысы өткен жылы басталған болатын.  

Еске салсақ, жуырда қыркүйек айының соңында Сарқан ауданының Бақалы ауылында да аумағы 3200 шаршы метрлік жаңа стадион пайдалануға берілген.  

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мәліметпен бөлісу: