Еңселі еліміздің ерекше мейрамдарының бірі — Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде “Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді. Байқау барысында саялы өңірімізден іріктелген, бойынан бар өнер табылатын өңшең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей 10 ұлан өздерінің бақтары мен баптарын сынап, қатарластарынан қара үзуге талпынды. Аталмыш сын желісімен жігіттер «таныстыру», «өнер», «сұрақ-жауап» және «спорт» кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті. Ата салтын ардақтайтын, өз елін шынайы сүйер нағыз қазақ оғланының қасиеттерін бойына сіңіре білер ұрпақты тәрбиелеу осынау шараның негізгі мұраты болғандығы сөзсіз. Сайыс соңында қазылардың қырағы көзімен жеңімпаздар анықталып, байқауға қатысқан және жүлделі орындарға ие болған жастарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Ұпай қорытындысымен төмендегідей орындар белгілі болды. «Жігіт сұлтаны» лауазымы және I – орынға Сарқан гуманитарлық колледжінің тәлімгері Мырзахан Дархан иелік етсе, Алмалы ауылдық округінің өкілі Шәукен Аян II – орынға табан тіреді. Ал Бақалы ауылдық округінен келген үміткер Тентекматаев Медет III – орын жеңімпазы атанды.
Өз тілшіміз.