Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен селекторлық жиын өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын нақты міндеттерді өңірімізде іске асыру. Тікелей бейнебайланыста облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы осынау мәселе бойынша атқарылып жатқан істерді сараптай келе әлі де шаруаны ширату керектігін қатаң тапсырды. Әр өңірдегі осы бағыттағы жұмыстарды аудан әкімдері тікелей бақылауларына алып, жауапкершілікті күшейту керектігін, «Туған жер» бағдарламасы аясындағы жобалардың аздығын және ортақ іске түрлі сала өкілдерін молынан тарту керектігін айтқан жиын төрағасы бұған нақты мерзімді белгілеп басқосуды қорытты.
Аталмыш жиыннан соң аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков өңіріміздегі осынау іске жауапты жұмысшы топ жетекшілерімен кеңес құрды. Мәйекті мәселе бойынша топ жетекшілерін тыңдаған Ерғазы Қошанбекұлы мекеме-бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Өз тілшіміз.