Жол көрсетер шамшырақ

Алдаспан жырдың ақсұңқары Қасым Аманжолов данышпан ақынның қалдырған мұрасына сүйсініп “Айтпағаның қалмапты-ау, қайран Абай!” деген екен. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласын оқу барысында Қасым ақынның айтқанымен толық қосылатыныма көзім жетті. Абайдың әр бір өлеңінің мағынасы, әр бір қара сөзінің мазмұны қазақты ғана емес, жалпы адамзатты өркениетке бағыттап тұрғандай. Өзі өмір сүрген заманда-ақ қазіргі қоғамның мақсат-мүддесін көре білген, келешек ұрпаққа жол көрсетіп өткен ұлы Абай данышпандық пен кемеңгерліктің түп қазығы. Мемлекет басшысының мақаласында осы мәселе жік-жігімен, жүйелі түрде атап көрсетілгеніне риза болдым.

Кеңес одағы кезінде жоғарғы оқу орындарында “Атеизм”, “Саяси экономика”, “Марксизм-Ленинизм ілімдері ” деген түсініксіз пәндердің орнына Абай ілімдерін оқытқанда біз көп жағдайда ұтысты болар ма едік? Амал не?! Ұлы Абайша айтқанда “Қолымды мезгілінен кеш сермедім” деген осы болар. Бір басына қаншама қасиетті тұндырған  сөз патшасы адамзаттың санасына жол көрсетер шамшырақ! Сол шамшырақтан көкірегімізге, жүрегімізге сәуле түсіре білейік.

Ұлжан НҰРҒАЛЫМҚЫЗЫ.

Сарқан қаласы.

Мәліметпен бөлісу: