Қол күресінен наурыздың 25-і мен 28-і аралығында Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионат-қа, әрине, сыннан өткен кіл мықтылар келеді. Армреслингтен есімдері спортсүйер қауымға етене таныс, әлем чемпионаттарында білек күшімен ерекшеленген, жеңіс тұғырына көтерілген, жасындай жарқырай тартыстың додаларында дараланған саңлақтар 3 күн бойы күш сынасты. Бұлшық еттері білеуленген еліміздің есімдері елге белгілі сайыскерлерімен болған жекпе-жек терде Сарқан ауданы ардагерлері командасының бағы жанды. Жас кезінде жалын атып, ел намысы жолында биік белестерден көрінген білекті жерлесіміз Қуаныш Қадырбаев 80 кг салмақта топ жарып, І орынды жеңіп алды. Бүгінгі таңда өзі шыңдаған шәкірттерінің жетістігімен мерейленетін Қуаныш бапкер елуді еңсеріп қалса да әлі бабында екендігін жанкүйерлерге дәлелдеді.
Осы чемпионатта сарқандық ардагерлер командасы намысты қолдан бермеді. 70 кг салмақ дәрежесінде ІІ орынды еншілеген Айдын Есіркеевті, 80 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орыннан көрінген Мұхтар Исабеков пен Еділ Рысбаевты айта кетуіміз керек. Қазақстан чемпионатында жүлде алған осы ардагер спортшылар маусым айында Қырғызстанда өтетін Азия чемпионатына және Польшада қыркүйек айында ұйымдастырылатын Әлем чемпионатына жолдама алды.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.
Суреттерде: Қуаныш Қадырбаев топ жарды, ІІ орын иегері Павлодар қаласынан Мұрат Исабеков, ІІІ орын иегері Сарқан қаласынан Мұхтар Исабаев; жүлдегер сарқандықтар.