Журналисттер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті

Талдықорғанда Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир жалауын желбіретті. Аталмыш додаға жергілікті журналистерден бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қаласынан келген командалар қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек сөз алып, алдымен спорттық шараның өтуіне ұйытқы болған облыстық ішкі саясат басқармасына шынайы алғысын айтты. Өз кезегінде жарысқа арнайы уақыт тауып келген барлық тілшілерге де жылы лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалпы, жасыл алаңдағы додада 7 команда төбе көрсетті. Жарыс ережесі бойынша қатысушы командалар екі топқа бөлініп, өзара үздіктерін анықтады. Нәтижесінде, жатылай финалға «Апорт», «Алматы құрамасы», «Тұран» және «Хабар» командалары шықты. Бұл сында «Алматы құрамасы» «Апорттан» басым түссе, «Хабар» ойыншылары «Тұранды» жолда қалдырып, финалға жолдама алды.
Осыдан кейін «Тұран» мен «Апорт» командасы үшінші орынды сарапқа салды. Тартысқа толы өткен бәсекеде 2:1 есебімен тұрандықтар жеңіске жетті.

Ал, жарыс барасында барлық командаларды қапыда қалдырған «Хабар» мен «Алматы құрамасы» финалда кездесті. Ақтық сында қос команданың ойыншылары да тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Матчтың бірінші тайымында «Хабар» пенальтиден гол кіргізіп, бірінші есеп ашты. Екінші кезеңде де алматылықтардың қақпасына қатарынан 2 гол салған «Хабардың» жігіттері турнирдің бас жүлдесін ұтып алды. Есеп 3:0.


Жарыста бірінші орын алған командаға 500 мың, екінші орынға 300 мың, үздік үштіктен көрінгендерге 200 мың теңгенің сертификаты берілді. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ардагер ойыншы» аталымы бойынша бірнеше журналисттер марапатталды. Сайысқа белсенділік танытып қатысқан командаларға да сый-сыяпаттар мен алғыс хаттар табысталды.

Мәліметпен бөлісу: