Жыл келгендей жаңалық сезіндік

Қазақстан Республикасы Палаталарының бірлескен отырысындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  халыққа Жолдауын жұртшылық асыға күтті. Себебі талай жүректерді мұздатқан қаңтар қасіретінің суық ызғары жылына қоймаған кезеңде ел билігінен оңды өзгерістер күтуіміз заңдылық. Жолдаудағы  батыл тұжырымдар, нақты шешімдер есті ертеңімізге сендірмей қоймайды.

Көпшілік күткендей Жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы ортаға салынды. Әлеуметтік -экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар көпшілік көкейіне ұялады.

Біздің, қаламгерлердің, ақпарат саласы қызметкерлерінің көңілін алаңдатып отырған бір мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарының ролінің төмендеуі болатын. Бұл бағытта да алдымызда оң өзгерістер күтіп тұр. Жолдауда  «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», — деді Президент. Мемлекет басшысының сөзінше, отандық БАҚ қоғамның сұранысына сай жұмыс істегені жөн. «Үкіметтік емес сектор маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруде және олардың кешенді шешілуіне ықпал етуде. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кеңінен және терең тарту қажет», — дейді ол.

Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.  Бұған дейін біз, жетісулық ардагерлер сапында Қапшағайға  Д.А. Қонаев есімін беру туралы ұсыныс жолдаған болатынбыз. Көпшіліктің ұсынысы қолдау табатынын Президент Жолдауында атап көрсетті. Сондай-ақ Жетісу және Алматы облыстарын Ұлытау облысын, Семей аймағында Абай облысын құру көпшіліктің жылдар бойы жүзеге аспай келе жатқан арманы болатын. Сондықтан біз Жаңа Қазақстан құру идеясы аясында Мемлекет басшысының жұртшылық тілегіне құлақ асқанын көріп қуандық. 

«Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстаным өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті бұған дейін Шымкент республикалық қалаға айналғанын, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгенін атап өтті. «Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ да дұрыс болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім. Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныс келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сайлау нәтижесі қай кезде де жұртшылықты алаңдатып келгені белгілі. Жолдауда атап көрсетілген осы тұрғыдағы пікір Президент ұстанымына сенімімізді нығайта түседі.  «Cайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі. Яғни, әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор», — деген Мемлекет басшысы соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті. «Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтан көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саяси жүйенің жаңа жағдайларға бейімделуі керек екендігін ескертіп, партия төрағалығынан бас тартқанын, барлық партияларға бірдей жағдай жасалатынын атап көрсетіп, өкілді билік тармағын қайта құрудың жолын нұсқады.

Жолдау көпшілік назарына ұсынылды. Көптен күткен өзгерістер көңілімізді орнықтырды. Біз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы Жолдаудан жыл келгендей жаңалық сезіндік.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: