Жақында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимаратында өткен жылды қорытындылап, алдағы міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауды мақсат еткен жиын болып өтті. Есепті жиынға ауылдық округ әкімдері, округтегі азаматтарды мерзімді әскер қатарына шақыру бойынша мамандар, жоғарыда аталған бөлім қызметкерлері қатысты.
Кеңесті аудан әкімінің орынбасары, шақыру комиссиясының төрағасы Арман Мұқанов ашып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы-шақыру комиссиясы төрағасының орынбасары, подполковник Талғат Әлсейітов баяндама жасады. Талғат Амантайұлы өз сөзінде азаматтарды мерзімді әскер қатарына шақыру шаралары негізіндегі шаруалар жайында жан-жақты мәліметтерімен бөлісе келе 2019 жылғы кемшіліктерді тізіп, жақсы нәтиже көрсеткен ауылдардың да атын атай кетті. Ол қатарда Алмалы, Қарабөгет, Қойлық, Лепсі ауылдық округтері бар. Аудан әкімінің орынбасары сондай-ақ Алматы облысы бұл бағытта Республикада алдыңғы қатарда екендігін, ортақ істе ауданымыздың да қомақты үлесі барлығын тілге тиек етті. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, бұдан да табысты жұмыс жасауға шақырды. Жиын соңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне мерзімді шақырудың дайындығын ұйымдастырып, белсенді жұмыс атқарған жандарға Арман Тұрсынұлы аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, қызметтеріне өрлеу тіледі.
Өз тілшіміз.