Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және толықтырулары мен өзгерістері бар Қазақстан Республикасының заңдарын халыққа жеткізу мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізуде.
Сарқан ауданында осы өзекті тақырыптар тұрғындар арасында кеңінен талқыланып, бүгінгі күні ауқымды жұмыстар қолға алынуда. «Туған жер» бағдарламасы аясында «Жерлестер форумы» өткізіліп, соның нәтижесінде бірнеше нысандар бой көтеріп, халық игілігіне ұсынылған болатын. Жуырда ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жаңадан бой көтерген және жаңғырған нысандарды аралап, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жұртшылықпен жүздесті.
Жиында сөз алған халық қалаулысы Қуаныш Сұлтанұлы күн тәртібіндегі мәселеге орай өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару мен жер қатынастарын дамыту мәселелері, Парламент таяуда қабылдаған заңдардың ережелерін іске асыру тетіктері депутат сөзінің арқауына айналды. Жарыссөзге шыққан Алмалы ауылдық округінің әкімі Асқар Тұрғанбеков, Сарқан политехникалық колледжінің студенті Диана Барабаншикова, Черкасск ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Төлеухан Битембиев, көп балалы ана, Алтын алқа иегері Күләш Бисекеева, аудандық мәслихаттың депутаты Жомарт Игіман жұрт мүддесін көтеріп жүрген Мәжіліс депутатының жұмыстарына сәттілік тіледі.
Алқалы жиыннан соң Қуаныш Сұлтанұлы ауданымыздың Құрметті азаматы, білім саласының үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Кәукер Колубекованың «Аманат» атты кітабының тұсаукесеріне қатысып, ардагер ұстазға ізгі тілегін білдірді.