Жылыту маусымы басталды

Қазан айының 15-ші жұлдызы. Аудан әкімдігінің 12 қазан күнгі №75 өкімімен жылыту маусымы басталды. Қазандыққа алғашқы от жағу рәсіміне куә болмаққа аталмыш күні биыл төртінші рет жылыту жұмыстарына кіріскен «Сарқанжылу» мекемесіне барып қайттық. Сонымен қызыл жалын көмейінде ойнаған әрқайсысы 6,5 Гкал/сағаттық қуатты пештердің жүрек соғыстарын жақыннан сезініп, танысуға мол мүмкіндік алдық.

-Биылғы жылыту маусымына 100% дайынбыз-дейді «Сарқанжылу» ШЖҚ МКК-ның директоры Р.Рахметов біздің сауалдарымызға орай жауап беріп. – Қатты отынның маусымдық қажеттілігі 7171 тонна болса қазіргі таңда 7500 тонна көмір қамдап алдық. Жалпы, барлығы 130 нысанға қызмет көрсетеміз. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар, көпқабатты, жеке тұрғын үйлер және биыл жылу құбырларына қосылған 3 мектеп, ХҚКО, балабақша, жеке нысандар бар. Жылуға жаңадан қосылған аталмыш нысандар жауапкершілігімізді күшейте түсетіндігі сөзсіз. Дегенмен осынау зор міндетті айқын сезіне отырып маусымды ойдағыдай өткереміз деген сеніміміз бар.

Осы тұста былтырғы облыстық жылыту маусымының қорытындысы бойынша «Сарқан-жылу» мекемесі жүлделі ІІІ орынмен марапатталып, «Газ-53» автокөлігін иемденгендігін атап өткіміз келеді. Бұл 48 адамдық ұжымның ерен еңбекке негізделген жүйелі жұмысының жемісі деуге толық негіз бар. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ж.Мыңбаев аталмыш мекемені аралатып, жан-жақты түсінік берді. Соңында қала бойымен жан-жаққа тарамдалған құбырлармен жылу жүгіргендігін арнайы экраннан тамашалап, жауапты жұмыс басындағы мекеме қызметкерлеріне сәттілік тілеп қайттық.

 

П.Жеңісхан.

 

 

 

 

 

Мәліметпен бөлісу: