Игіман Жомарт Мақатұлы, 1958 жылы туған. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай стансасындағы №55 орта мектепті бітірген. Мектептен соң Талдықорған облысы Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетіне қызметке қабылданған. Аудармашы, тілші, бөлім меңгеруішісі, жауапты хатшы болып, 1978 жылы оқуға түсіп, 1983 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, Бөрлітөбе аудандық мәслихатының хатшысы болып, 1998 жылдан Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы қызметін атқаруда. Қазақстан Журналистер одағының Ұзақ Бағаев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сарқан ауданының Құрметті азаматы, Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.
1989-1991 жылдары Бөрлітөбе аудандық «Қазақ тілі қоғамы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарып, елді мекендердің тарихи атауларын қайтаруға бастамашы болды. Лепсідегі екі балабақшадағы балдырғандардың ұлт тілінде тәрбиеленуіне, Ушинский атындағы орыс мектебінде қазақ сыныптарының ашылуына игі ықпалын тигізді. Бұл өңірдегі елді мекендер, көше атаулары 1990 жылдардың алғашқы жартысында толық қазақшаланып, сол өңірге қатысты қоғам қайраткерлерінің есімдері жаңғыртылды.
1997 жылдан Сарқан ауданында руханият саласында еңбек сіңіріп келеді. 1997-1998 жылдары Бұғыбай батыр кесенесі салынғанда батыр жайында тарихи деректерді жинастырып, аудандық, облыстық газеттерде материалдар жариялап, Бұғыбай батыр есімінің аудан орталығындағы көшеге берілуіне ұйытқы болды. Елді мекендерге, көшелерге тарихи атауларды беруде бастамашыл топтың құрамында жүрді. Сарқан ауданының мақтан тұтар тұлғалары, әдебиет және өнер қайраткерлері Әділбек Абайділданов, Күнсайын Қуатбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Мұхтар Арын туралы зерттеу еңбектерін жазып, осы айшықты есімдерді ұлықтауға үлес қосты. 2006 жылы «Саялы төрім — Сарқаным» («Үш қиян») атты тарихи-ғұмырнамалық кітабы, 2008 жылы Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың өмір жолы өрнектелген «Қыран қия», 2013 жылы даңқты композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған «Қанатталды», аты аңызға айналған әулие Көтен Тәуіп Қоңырбайұлы хақында «Кие» кітаптары оқырмандар қолына тиді.