Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін екінші рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекіткен болатын.
Аталмыш мерекенің тарихына аз-кем тоқталсақ алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Жалпы 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Міне, сондықтан егемен еліміздің тәуелсіздік жылнамасында 25 қазан айрықша орын алады. Тіпті біздің тәуелсіздігіміздің құжаттық негізі осынау күннен бастау алатындығын шәкірттерге айтқанымыздың өзі айрықша маңызды. Мұны келер ұрпақ білуі тиіс. Ал 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.
Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылғанын баршамыз білеміз. 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Құрылтай аясында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деп мереке мәртебесін айқындап берді. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды. Осылайша тарихи әділдік орнап, аталған мерекенің орны айшықтала түсті. Еліміздің ертеңгі тұтқасына айналар жас буынға Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекенің мәнін жете түсіндіру, тарихын ұғындырып, сәби саналарға сіңіру айрықша маңызды деп білемін.
Х.ДУВИЕН,
Абай атындағы мектеп-гимназияның мектепалды даярлық сыныбының жетекшісі.