31 мамыр — ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн Президент Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл дата еліміз үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті.
Жуырда аудандық кітапханада осы бір атаулы күнге орай «Жазықсыз жапа шеккендер» атты іс-шара ұйымдастырылып өтілді. Жиын жүргізушілері кітапханашылар Алмагүл Омарова мен Лаура Құлымбетова еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған, талай отбасын әуре-сарсаңға салып қасірет шектірген зұлмат кезең туралы жиналған қауымға толықтай мәлімет берді. 1937-1938 жылдары 103 мыңнан астам адам қуғындалса, 27 мыңнан астам адам атылды. Сол бір зұлмат жылдары қазақтың қамын ойлаған ұлт серкелеріне жөнсіз жала жабылып, аяусыз атылып, итжеккенге айдалса, отбасылары да қуғынға ұшырап, лагерлерге қамалды.
Іс-шара барысында библиограф Жадыра Тәңірбергенова «Ұмытылмас ұлы есімдер» атты кітап көрмесін өткізсе, сол бір қанқұйлы жылдары жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған жандар туралы бейнеролик көрсетілді. Жиналған қауым ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының небір азап пен қорықты көріп баяндалған соңғы хаты негізінде жазылған «Қан шеңгел» туындысын тыңдады.
Жиынға қатысып отырған аға буын өкілдері «біз тарихтағы зобалаң жылдардың зардабын ұмытпауымыз керек. Өйткені, біз тарихтың ауыртпалықтарынан сабақ алып қана алға қадам басамыз. Келешекте мұндай қасірет қазақ жерінде болмасын. Ал, бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін білуі тиіс» деді.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.