
Жуырда ғана жұртшылыққа жол тартқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел игілігін арттыруға, экономикасын көтеруге бағытталған көптеген жаңалықтар айтылды. Әсіресе Үкіметке инфрақұрылымды дамытуға арналған ауқымды жобаларды жүзеге асыруға нақты тапсырмалар бергендігі қуантады.
Өз Жолдауында Мемлекет басшысы «Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады,-деді.
Президент тапсырмасына сәйкес Жетісу өңірінде, оның ішінде Сарқан ауданында көптеген іргелі істер қолға алынуда. Ауыл-аймақтарды жалғайтын жолдар жөнделіп, тұрғын үйлер ірге көтеріп, көпірлер, мәдениет, денсаулық, спорт нысандары шалғай елді мекендерде салынуда, елдің еңсесін тіктеуде. Жұртшылықтың бейнетін азайтатын — көгілдір отынның қызығын көретін күн де алыс емес. Көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, жаңадан саябақтар, аллеялар пайда болып көз қуантып, көңіл тоғайтатын ілкімді істер жүзеге асуда. Бұның барлығы Мемлекет басшысы үнемі айтатын Таза, Қауіпсіз, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы батыл қадамдар, нақты істер деп білеміз.
П.ЖЕҢІСХАН,
Сарқан аудандық «Сарқан» газеті ЖШС бас редакторы.
