Ауылдың ажары азаматының абыройынан

Дана жұртымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген тамаша сөз бар. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы.

Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Расымен де туған топырағынан жырақта жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі. Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде осы Сарқан ауданы Көктерек ауылында мектепте оқып, 25 – мамыр күні кездесуге келетін азаматтарды атап өтсек болады. Ауылда «Соңғы қоңырау» салтанаты ерекше атап өтетін мерекелердің бірі, өйткені қалада жүрген балаларымыз, көшіп кеткен ағайын – туысымыздың балалары келеді.  Мектеп ауласында тегіс жиналып, оқушылардың жетістіктері мен өнерлерін тамашалаймыз. Мектепте оқыған адамның соңғы қоңырау үні әркімнің есінде. Сондықтан кездесуге келген түлектер сынып жетекшілерімен кездесіп, есінде қалған қызықты оқиғаларымен бөліседі. Алтын ұя – М.Мәметова атындағы орта мектебіне кездесуге келген түлектер оқушыларға сыйларын тартып, алғысқа бөленеді. Атап айтсақ, 1994 жылы туған түлектер балалар алаңына сырғанақ, әткеншек әкеліп орнатты, 1985 жылы туған түлектер ауыл мешітіне азан айтатын құрылғы әкелді, 1980 жылы туған түлектер «Көктерек» атауы жазылған футбол командасына киім жиынтығын тарту етіп оқушыларды қуантты, ал 1975 жылы туған түлектер мектеп маңдайшасына Ы.Алтынсаринның  сөзін ілді. Осы күні ауылдың қақпасы «КӨКТЕРЕК» аркасы бой көтеріп, ашу рәсімін Сарқан ауданының құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Сабитов Ташболат ашып, бата берді.  Аталған құрылыс нысаны да 1975 жылы туған азаматтардың  күші және демеушілігімен орнады.  Осы шаралардың соңы 1985 жылы туған азаматар ат жарыстарын ұйымдастырды. Тай жарысынан  көрші Лепсі ауылының азаматы Геллерт Александр-Исламның тайы, құнан жарысынан Әльдекенов Әлібектің  жирен құнаны бірінші келді. Көкпар ойынын өгіз өлдіні Басқан ауылының палуаны Сыдықов Ермек салып, той жалғасын тауып жатты.

Туған ауылға деген құрмет, өскен ортаңа деген алғысың іспеттес. Әрине, оның өлшемі болмайды. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай құрметін білдіреді. Ол ауылыңа деген сағыныш, мақтаныш, оның тарихын білуден бастап, өз өлкеңнің өркендеуіне ат салысу, адамдарға қажет болса қол ұшын беруге дайын болу. Мұны міндетті деп айтуға да болмайды. Өйткені, ол әр адамның өзіндік жүрек нұрына байланысты…

Енді, осындай игі шаралардың жалғасы екі дүниеде сауабы мол мешіт салумен жалғасып, сол мешітте тізе біріктіріп жамағатпен намаз оқуды нәсіп етсін деп тілеймін.

Орынтай Аманбаев,

Көктерек ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: