ИНВЕСТИЦИЯ — ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

     Бүгінде еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда инвестицияның маңызы зор. Отандық және шетелдік инвесторлардың қаржысы арқылы жаңа кәсіпорындар іске қосылып, өндіріс көлемі ұлғайып, заманауи технологиялар енгізілуде. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және отандық нарықты дамытуға жол ашады. Бұған өңірімізде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар жарқын мысал.

     Әсіресе, ауылдық аймақтарға инвестиция тартудың маңызы ерекше. Себебі жаңа өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес нысандарының ашылуы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, жергілікті бюджет кірісін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Соңғы жылдары сырттан тартылған инвестиция ауданымыздың экономикасын жандандырып, аймақтың ажарын аша түсті.

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс. Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет,-деп аталмыш бағытты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

     Сондай-ақ Мемлекет басшысы саладағы бірқатар түйткілдерді де шешуді ортаға салды.  Атап айтқанда инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқтығын тілге тиек ете келе «инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек,-деп мәселенің нақты шешімін нұсқады.

     Жалпы, инвестиция тек қаржы құюмен шектелмейді. Ол – жаңа идеяларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңарту және болашаққа сенімді қадам жасау.

Қорыта айтқанда, инвестиция – экономиканың күретамыры, дамудың берік негізі. Инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыру арқылы ғана ел экономикасының тұрақты өсіміне қол жеткізуге болады.

Болат Рахметқалиев,

Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: