Ертеде ата-бабаларымыз баланың тілін ана сүтімен бойға дарытып, өрбіткен. Бала ес біле бастағаннан-ақ оған салт-дәстүрлерді ана тілінде өрілген өлең-жырлармен орындап, жас сәби бойына ана тілінің қасиеті мен құндылығын үлгі еткен. Көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегендей, қазіргі ана тіліміздің келбеті қандай? Бүгінде елімізде «өзге тілдің бәрін біліп», ана тілінде еркін сөйлей алмайтын замандастарымыз қаншама?! Тіпті қоғамдық орындарға бара қалсақ, өздері қазақ бола тұра бір-бірімен орыс тілінде шүйіркелесіп әңгіме айтып отырған жастарды көреміз. Орыс тілінде сөйлегенді мақтан көріп, ол тілде сөйлей алмасаң «ұят» деп санайтын адамдар да жетерлік. Бұл көрініске біздің ойымыз бен санамыз да әбден үйренгендей. Үлкендерімізді айтпағанда үйдегі ес біліп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің өзі қолындағы ұялы телефоннан тек орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдерді көріп жатады. Ақыл-ойы таза ақ парақтай сәби жады кез келген ақпаратты бірден қабылдап алатыны белгілі. Тіпті кейде қойған сұрағымызды түсінбей, не өзге тілде жауап беріп тұрады. Неге біз балаларға ертедегі батырларымыз туралы ертегі, мультфильмдерді көрсетпейміз? Бала одан адамгершілік, адалдық, сыйластық сынды жақсы қасиеттерді алары анық. Сол үшін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің болашағымыз үшін әсері зор екендігін ұмытпағанымыз жөн. Өз тілінде сайрап, оны қадір тұтып тұрған азамат ертеңгі күні елі үшін аянбай еңбек етері сөзсіз. Қазақ тілі ұмыт болса, ел болашағы қандай болмақ? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдар мен бұқара халықты да ойландыруы қажет Иә, бүгінгі қоғам өзге тілдерді үйренуге ешқандай шек қоймайды. Алайда қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әрбір қазақ азаматы өзіндік үлесін қосса екен дейміз. Ана тілін құрметтеу әр адамның басты міндеті болып табылады. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, шаңырақ басындағы жас сәбиге де ең бірінші өз тілін үйреткеніміз жөн. Себебі еліміздің болашағы, дамуы осы тілімізге тікелей байланысты.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ.