ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛАДЫ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында келер жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Бұл өз кезегінде көптеген мәселелерді шешеді. Біріншіден ауқымды құрылыс алаңына айналған елімізде екі қолға бір күрек іздеушілердің саны біршама азаяды. Өйткені Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаражатқа көптеген құрылыс салынады, оған сәйкесінше жұмысшы күші қажет болады. Екіншіден күні кеше ғана Үкімет үйінде өткен жиында премер-министр аталмыш жыл аясында ауқымды құрылысқа өзіміздің өнімдерді пайдалану отандық өндірушілерді қолдауға деген нақты қадам болатындығын қадап айтты. Үшіншіден «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымдық нығаю болмақ. Ең алдымен ел аумағында 8 заманауи перинаталды орталық салу көзделген. Бұдан басқа Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Мемлекет басшысы: — Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек,-деді.
Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды көрсеткіштері болмақ. Салынған әлеуметтік нысандар тұрғындарға қызмет көрсетіп, елдің еңсесін тіктеуге, ауыл-аймақтардың ажарын арттыруға қызмет етпек.


Ж.Мұқашев,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: