Мемлекеттік тіл – менің тілім
Табиғаттағы тіршілік атаулының өсіп-өну көзі – оның тамыры, адам баласының санасының даму көзі – оның тілі. Тамырсыз өсімдік көктемейді, ана тілінсіз ұрпақ жетілмейді. Ана тілінің уызына қанбаған, оның мөлдір бұлағынан нәр алмаған ұрпақтың бойынан имандылықтың, қайырымдылықтың, ізгіліктің, мейірімділіктің нышандарын табу мүмкін емес.
Ғалымдардың айтуы бойынша, дүние жүзінде бес мыңнан астам ұлт бар дейді. Әлбетте, сол ұлттың барлығы да өзінің ұлттық ділін, болмысын, келбетін сақтауға тырысса да ондай мүмкіндік баршаға берілмеген. Мұның жауабын іздесек, екі жүзден астам ұлттың ғана өз мемлекеттілігі бар. Бұған қоса шамамен жетпіс шақты ұлт өз алдына мемлекеті болмаса да санының көптігімен өзінің дара келбетін сақтауға мүмкіндік алған. Демек, екі жүз жетпістей ұлт өзіндік даралығын сақтай алады екен. Қалғандары саны көп ұлттың арасына сіңіп, ассимиляцияға түседі. Мұндағы қауіпке ұрынбаудың басты жолы – мемлекеттік мәртебесі бар тілдің қолданыс аясын кеңейте білу. Ұлтымызды сақтау үшін ең алдымен тілімізді сақтауға күш біріктіруіміз керек. Сондықтан да Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тіл болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлттың тілінен қымбат нәрсе болмасқа керек»,-дейді.
Тұтастай алғанда тілдің толыққанды өмір сүруі қалың қауымның қолында, ал оны болашаққа жеткізетін — бүгінгі буын. Біз жас толқынды туған тілімізде тәрбиелесек қана ертеңімізге берік іргетас қалаймыз.
Қазақ тілінің өркен жаюына алынбайтын қамал, бұзылмайтын сең болып отырған кедергілерді барынша жойғанда ісіміз алға басады.
Қазақ елінің демографиялық жағдайы мүмкіндік беріп отырған бүгінгі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде адымын ашатын уақыт келді, осы мақсатта бір адамдай атсалысуымыз қажет. Тамырсыз өсімдік, ана тілінсіз ұрпақ жетілмейді.
Мөлдір Жапанаева
Сарқан ауданының ішкі саясат, мәдениет,
тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы