ТАТУЛЫҚТЫҢ ТАЛ БЕСІГІНДЕ


Сарқан қаласындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Әмірбек Құлақовтың атындағы көшеде тұрғаныма оншақты жылдың жүзі болды. Жамбас көршілерімнің бәрі түрлі ұлт өкілдері. Есік қақпастан, ескертусіз кіре береміз бір-бірімізге. Ең қарты Евсюкова Александра апамыз.

Төңірек түгелдей Шура апай дейді. 80-ге келсе де әлі тың. Өмір бойы сауыншы болған апамыз өте еңбекқор. Ала жаздай бау-бақшасынан шықпайды. Таң бозынан тұрып, қояндарына, тауықтарына жем береді, итімен, мысығымен сөйлеседі. Белоруссияда өмірге келгенімен бар саналы ғұмыры Сарқан ауданында өтті. Ертеректе дүние салған жолдасы екеуі 5 бала сүйді, олардан немерелер, шөберелер өрбіді. Бүгінгі күні балаларының біразы Ресейде тұрады. Жаз сайын келіп, жалғызбасты қартты қуантып қайтады. «Балаларыңыздың қолында тұрмайсыз ба» десек, басын шайқап, «Жоқ, туған жерімдей болған осынау қасиетті топырақта қаламын!» дейді. Таң қаласың!
Әз Наурыз мерекесінде Шура апайдың үйіне арнайы келген қонақтардың қайтарда бір-біріне: «Келесі Наурызға аман-есен жетейік» деп тілек тілеп жатқандығын өз құлағыммен естіп ойға қалдым. Мерекелер (мейлі қандай болсын діни, ұлттық, кәсіби) адамдарды алаламайды, бөлмейді екен, керісінше біріктіреді екен ғой. Біз де көршілерді олардың ұлттық атаулы мерекелерімен құттықтап тұрамыз. Бір-бірімізді мерекелік дастархандарға шақырамыз.
Ал қарама-қарсы тұратын Елена Бричковская апай іскер адам.

Саялы өңірде дүние есігін ашқан ол Сарқанға жететін жер жоқ дейді. Дәрілік шөптерді кең көлемде өзі өсіріп, жинап, сұрыптап, түрлі тұнбалар әзірлеп, елімізге белгілі фирмаларға жібереді. Сонау 2000 жылдан бері «Дары природы» атты жеке шаруа қожалығын құрып, өзі сүйетін іске бел буған ол қазіргі таңда біраз адамды тұрақты жұмыспен қамтып, кәсібінің керегесін кеңейту үстінде. Маусымға сай жұмысшылары да көбейіп, қашанда еңбек қазаны қайнап жатады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда бара қалсақ түрлі тұнбаларды, шөп дәрілерді тегін беріп, қолданылуын тәптіштеп айтып жатады. Келешекте түрлі ауруларға ем болатын дәрілік шөптерден шай әзірлейтін цех ашуды ойластырып жүр.
Ал қазақша таза сөйлейтін тағы бір көршіміз Цокур Максиммен орысша тілдесудің өзі ұят.

Жолыға қалсаң әңгімені қазақша бастайтын оның жанында орысша сөйлеп тұрғаның тіпті ерсі. Шатырбай ауылында 1978 жылы дүниеге келген Максим тілін қазақша сындырған. Әке-шешесі де осы өңірде туылған. Қыста біз сияқты соғым сояды, дастархан жайып, көршілерді төріне шығарады. Бір сөзбен айтқанда қазақылықты бойына сіңірген. Өңірімізде жол құрылысымен айналысатын қытайлық «CITIC Construction» компаниясында жүк көлігін жүргізетін Максим бүгінгі күні жұбайы Натальямен 2 бала тәрбиелеп отыр.
«Аспанымыз, ондағы ай мен күніміз, ішер суымыз бен жұтар ауамыз ортақ. Ендеше ортақ Отанымыздың тілеуін тілеу, өркендеуіне үлес қосу, туған жерді түлету азаматтық әрі перзенттік борышымыз»,-дейді менің көршілерім бірауыздан.
Биылғы әз Наурыз мерекесінде ұлтымыздың ұлттық қайнары — ән мен күйі, салт пен дәстүрі (орталық алаңда өткен мейрам барысында) сахнада көпшіліктің алдында кеңінен көрініс тапты. Сонда өзге де ұлт өкілдерінің қазақи әсем әуенге көңілдене билеп, сахналық көріністерді (Қыдыр атаның бата беруін, сәбидің тұсау кесуін) қызыға тамашалағанын көріп, бір елміз-бір халықпыз, біз қазақстандықтармыз! деген мақтаныш сезімі кеудені кернеді. Сарқан ауданында 16 ұлт өкілдері тұрады екен. Біздің ең басты байлығымыз, құндылығымыз ол Тәуелсіздігіміз. Ал сол басты құндылығымыздың берік іргетасы, сенімді тұғыры — береке-бірлігіміз, бір халық болып ұйысқан ауызбіршілігіміз, тыныштығымыз. Қаласақ та, қаламасақ та қазақ елі түрлі ұлттар мен ұлыстардан құралған. Тағдырдың жазуымен елімізде өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерімен үндестікте, татулықта өмір сүруіміз айрықша мәнге ие. Сондықтан құндылықтар өзгерген жаһандану дәуірінде, мысықтілеулер, бүтіндігімізге сына қаққандар көбейген заманда халқымыздың ынтымақта, бірлікте өмір сүруі өте маңызды. Татулықты ту, ынтымақты жыр еткен барша Қазақстан халықтарының достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін!


П.ЖЕҢІСХАН.
Сарқан ауданы.

Мәліметпен бөлісу: