Өткен өмір белестері

Сонау есте жоқ ерте дәуірлерден – ақ «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген, жөргегімде таныстым мұң тілімен» деп Жұбан ақын жырлағандай мына құлан жортса тұяғы тозар, құладын ұшса қияғы күйер дархан даланы ен жайлап келе жатқан ақ қөңіл, момын халқымыздың өзінің ұзыннан – ұзақ тарихи жолында талай – талай өткелектен өтіп, жиырмасыншы ғасырға жадаңқырап, жүдеңкіреп жеткені белгілі. Ақ қашып, қызыл қуғандағы дүрбелең, ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу, алапат ашаршылыққа ұласқан Голощекин геноциді, отыз жетінің қанды құрығы, елге бірдей келген нәубет – Ұлы Отан соғысы… бәрі – бәрі тұтастай халықты рухани тұрғыда титықтатып, астаң – кестеңін шығарды.

Биыл ақпанның 18-інде 80 жастың сеңгіріне шыққалы отырған Шөнжікеұлы Аманжол ағамыз елдігімізге елеулі салмақ түсірген соғыс жылдары, атап айтқанда 1943 жылы дүние есігін ашыпты. Әкесінің аты Арыстанбек екен, жеңгелері шағындау түр – тұлғасына қарап Шөнжіке деп еркелетіп жүріп, кейіннен құжатқа осылай жазылып кетіпті. Кісінің ала жібін аттамаған, ешкімге қиянат жасамаған, артық сөзге жоқ қайран әке бұл дүниеге келген жылы соғысқа аттанып, майдан даласында опат болады. Анасының әлдиімен ержеткен, ес білмей жатып ең қымбатынан айырылған шеркөкірек ұл жалғыз анасының жан жылуы арқасында көштен қалмады, тіршіліктін арбасына жегіліп жүріп ерте есейді. Атасына көмектесіп жүріп жастайынан шымыр да өмірге икемді болып өсті. Әкесінің көзін көрген Зейнелғабдел Иманқожанов, Ендібай Жүнісов, Нұртай Каримов, Берліқожа Ысқақбаев, Иманғали Абжанов, Бабақұмар Серғазин, Дулат Асқаров, Сүлеймен Сұлтанов, Төлеубек Боқышев, Жексенбек Баймұрзин, Құрымбай Тоқтыбаев және басқа майдангерлердің маңдайынан сипағаны үлкен өмірге берген жолдама сияқты сезілетін.

 Аманжол ағамыз қанша жасқа келсе де өзі өсіп – өнген топырақтың киесін ұмытқан жоқ. Көкжелекке малынған Көктеректің жазғы кешін сағынатын. Бала деп қарамай желкесіне мініп алған колхоз жұмысынан тыныстаған сәттегі Лепсі жағалауындағы тамылжыған табиғат суреті әлі көз алдында:

Күн – бикеш көкжиектен

                                        құлап кеткен,

Самал жел сыбырлайды

                                       құрақты өпкен.

Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды,

Сықырлап қайнап жатыр

                                          бұлақ біткен.

Тосшы сен құлағыңды аңдай қалып,

Барады кең дүние әнге айналып.

Нар қамыс сусылдаса жер бауырлап,

Бақалар тамсанады таңдай қағып…

    —   Балалық шақ дегенді менің замандастарым көрген жоқ. Жағдайымыз мәз болмаса да келешектің тізгіні білімдінің қолында деп жақсы оқыдық. Жатып оқитын жеріміз жоқ, мектепке қатынау қиын. Сонда да көштен қалған жоқпыз, қиындықты жеңе жүріп жоғары білім алсақ деп армандадық,- дейді Аманжол Шөнжікеұлы соғыс шарпыған балаң күндерін еске алғанда. – Әкелеріміз майданнан оралмаған. Аталарымыз бір – бір отар қой бағады. Шешелеріміз жас балаларын өбектеп үйде отыра алмайды. Отын, тезек қамдау, су әкелу, үй тігу, жығу солардың мойнында. Колхоз жұмысына шешелеріміз де, біз де уақытпен санаспай атсалыстық. Демалысқа  ауылға келгенде ойынға уақыт таба алмаймыз. Қой бағып, суарып, үлкендерге қолғабыс жасай жүріп арасында қақпан құрғанын, бұйырған несібесін теріп жегенін ағамыз әңгімесіне арқау қылады.

Аманжол Шөнжікеұлы 1961 жылы Көктерек орта мектебін бітіріп, бала кездегі арманының жалынан ұстады. Мал өсіруге қолайлы өңірде туып – өскендіктен ол үшін мал маманынан артық мамандық жоқ еді. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде Семей малдәрігерлік – зоотехникалық институтына оқуға түседі. Аталған білім ордасын 1965 жылы үздік аяқтаған ол еңбек жолын Семей облысы Көкпекті ауданынан бастайды. 1968 жылы туған жеріне жақындап, содан бері Сарқан ауданының мал шаруашылығын өркендетуге бір адамдай үлес қосты. Черкасск колхозының басқарма төрағасы Е. Дрыгин жас маманға бас зоотехник қызметін ұсынады. Сол жылдары колхоздың мал басы Түсінік, Бахырай, Қарақұм мал қыстату орындарында шоғырланған еді. Күн – түнді ұмытып, қолға алған ісін ұршықтай үйірген жас маман жеті жылдан соң аудан басшылығының ұйғарымымен Сарқан ауданының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Аудандағы төрт түлік саны 1973-1983 жылдар аралығында еселене өсіп, ағамыз екі мәрте Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталады.

1983 жылдан бастап Аманжол Шөнжікенов 13 жыл бойы Сарқан май – ірімшік зауытының директоры болады. Кәсіпорын сол жылдары 47 түрлі сүт тағамдарын шығарып, Республика бойынша екінші орыннан мызғымайды. 1996 жылдан 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман – зоотехник болып істеген ол ұзақ жылдар аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді.

Адал еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Аманжол Шөнжікенов 2003 жылы «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. «Жаман — қара түндей болады, жақсы — ай мен күндей болады, көпке бірдей болады» демекші Аманжол ағаның сый – құрметке бөленгені, елдің кәдесіне жарағаны еңбегінің жемісі. Өкініштісі – алтындай алты бала сүйгізіп, он бес немере мен екі шөберенің қызығына кенелткен өмірлік жары Зағила апайдың өткен жылы мәңгілік сапарға атттанғаны. Өткенге салауат айтып, барын қанағат тұтып отырған абзал ағамыздың өмірден өз жолдарын тауып, бірі инженер, кейінгілері заңгер, әскери маман, азаматтық авиация саласының маманы, мұғалім балаларынан тараған ұрпағының бағына аман жүргені көңілге медеу.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: