Жаңашыл жан еді


Мен алғаш аттағанда  арманға адым,

Өмірде жалған барын аңғармадым.

Сан мәрте жығылсам да  қайта тұрып,

Ертеңге үміт арттым, қарғанбадым.

Жарымды медет тұтып қасыма ерген,

Аспадым ойлы-қырлы қайсы белден.

Өмірдің көп қызығын  көрсем-ау деп,

Қайғыдан қашықпадым қарсы  келген.

(Мінуар Әкімханов).

Қолыма қалам алып, жездем Сұлтан Сейдахметұлы Бейсенбаевтың өміржолы жайында жазбақшы болғанымда, ол кісінің жүріп өткен бүкіл өмір жолы осы бір екі шумақ өлең жолдарына сыйып тұрғандай көрінді. Жездемнің 70 жыл өмір жолындағы бел-белестерін өміріндегі айтулы өзгерістерінің өзін ғана жыл-жылмен теріп жазатын болса мақала емес, көлемді анкеталық тізім шығады екен. Бақилыққа кеткен адамның соңынан тек естеліктер ғана айтылады ғой. Сонымен Сұлтан жездемнің жеке өміріндегі, қызмет бабындағы, елі, халқы үшін, ағайын-туыс үшін, дос-жарандары үшін атқарған ауыз толтырып айтарлықтай қызметтеріне шамамның келгенінше осы бір естелік мақаламда тоқталып өтейін.

Ол кісі 1950 жылы 6 қарашада дүние есігін ашқан. Әкесі Байтілеуов Сейдахмет пен анасы Нұрғайша апай аудан көлемінде сыйлы, беделді адамдар болған. Бауырына басып тәрбиелеген нағашы атасы Бейсенбаев Молдағали ақсақал мен Бірбилә әжейдің Сұлтан ағаға деген мейірім, махаббаты ерекше болды.

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ ол кісі белсенділігімен, алғырлығымен, ұқыптылығымен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрді. Сол белсенділігін ол кісі өмірінің соңына дейін жоғалтқан жоқ десе де болады. Алматы құрылыс техникумын бітіріп келген жиырма жастағы жас маман еңбек жолын ауданымыздағы ПМК бөлімшесінде мастер, прораб болып бастады. Өз ісін жетік білетін, білікті жас маманды аудан басшылары бірден байқап, оны аудандық атқару комитетіне құрылыс-сәулет бөліміне бас маман ретінде жұмысқа қабылдайды. «Жасы 22-де ғана, елгезек, жинақы, өз ісіне мығым, жігерлі жас жігіттің ортамызға келуі ұжым жұмысына ерекше серпіліс әкелді. Сұлтан өзіне тиесілі жұмысын орындап біткен соң, өзгелерге де қол ұшын беріп, көмектесіп жұмыс уақытысының аяқталғанын байқамай отыра беруші еді»,-дейді сол кезде ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарған Дауытов Оралхан Оразбайұлы. Аудандық атқару комитетінде жұмыс істеп жүрген кезеңінде, 1974 жылы 5 қарашада менің әпкем Күләтай Нұрғалымқызымен отау құрып 47 жыл бірге өмір сүрді. 26 жасар жас жігіттің ұйымдастырушылық қабілетінің ерекше екендігін байқаған басшылар оны аудан орталығынан шалғайда орналасқан «Көкөзек» совхозына ауылдық кеңестің төрағасы етіп тағайындайды. Бұл жұмыс орнында да жездем өзін жақсы жағынан көрсетіп, халықтың құрметіне бөленіп, жас жігітпен ауыл ағалары санасатындай беделге ие болады. Сұлтан Сейдахметұлының саяси білімін арттыру мақсатында аудан басшылары оны төрт жылдық жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. «Жоғарғы партия мектебін үздік бітірген Сұлтанға республикалық, немесе облыстық партия комитеттерінде қалып қызмет ету туралы ұсыныс жасалғанда, ол ауылға оралып, ел тіршілігінен тығыз байланыста болатындығын айтып қарсылық білдірді»,-дейді бала жастан бірге өскен досы, мемлекет қайраткері Нұрқиянов Төлеухан Мұратханұлы. Сонымен оқуын бітіріп келген 30 жасар Сұлтан Сейдахметұлын Бақалы совхозының партия ұйымының хатшылығына тағайындайды. Қандай салада, қандай қызмет атқармасын жездем басқару жүйесіне жаңашылдық енгізіп жүретіні, тыңнан түрен салып жаңа бастамаларды жүзеге асырып жүретіні ол кісімен бірге қызметтес болған әріптестеріне мәлім. Партия ұйымының хатшылық қызметінде жүрген кезде шаруашылықпен саяси жұмыстарды бірге ұштастырып, шаруашылық басшысымен біріге отырып озық технологияларды жүзеге асыруда еңбегі зор болды. Мысалы Бақалы совхозында қызмет істеп жүрген кезде совхоз басшысы Қалиасқаров Мейрамғали Мұқанұлымен біріге отырып, қант қызылшасын өндірудің жаңа тәсілін қолданып жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Ол тәсіл атақты «Бақалы варианты» — деген атпен бүкіл Одақ көлеміне таралды. «Пограничник» совхозының партия ұйымын басқарып жүрген кезде шаруашылық басшысы Харченко Анатолий Николаевичпен бірлесе отырып, асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді жолға қойды. Ауыл шаруашылығындағы осындай жаңа бастамалардың нәтижелері аудан, облыс, республика Одақ көлеміне тәжірибе алмасу әдістемесі ретінде таратылып отырды. Осындай игі бастамаларға ат салысып, қызмет істеген жеке тұлғалардың еңбектері ескерусіз қалмай ел аузына ілігіп, түрлі марапаттарға ұсынылып жүрді.            Жездем «Красный Октябрь» совхозына басшы болып келгеннен соң да өзінің тыңнан түрен салатын жаңашылдығын тоқтатпады. Қазақстан ауылшаруашылығы ғылым академиясымен біріге отырып, ауданымызда бидай өнімінің элиталық сұрпын өндіруді жолға қойды. Бұл бастамасы да нәтижесіз болған жоқ. «Мен өмірімде Сұлтан бауырымдай азаматпен кездескеніме өзімді бақытты санаймын! Менің көп жылдық зертханалық тәжірибемді іс жүзіне асыруыма мұрындық болған осындай азаматқа өмір бойы қарыздармын. Жұмыс барысын былай қойғанда, жанұясының бір мүшесіндей болып кеттім. Әркез дастарханы жаюлы, ашық-жарқын жұбайы Күләтайдың қолынан талай дәм таттым. Менің бастамамды қолдап, менімен пікірлес болғаны үшін оған ризамын!»,-дейді ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Хасенов Елтай Хамзаұлы. «Красный Октябрь» совхозының «Ақ жол» атын иемденіп, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасының молайып, үлкен ұжымшарға айналуына да аз тер төгілген жоқ. Одақ ыдырап, басқару жүйесіне өзгерістер еніп, жекешелендіру науқаны басталып, нарық заңдылықтары орнай бастаған кезде де Сұлтан Сейдахметұлы бұл өзгерістерге басқаша бағытпен келді. Ол өзі басқарып отырған шаруашылықты тұтасымен таратып жібермей Алдаберген Ахметжанұлы Атановты басшы етіп, өзі кеңесші болып «Сұлтан» ЖШС-ін ашты. Ондағы ойы не істерге білмей, абдырап қалған қарапайым жұмысшыларды аз да болса жұмыспен қамтып, еңбекақысын төлеп, олардың кеудесінде алдағы күнге деген сенімін сақтап қалу мақсаты еді. Бұл ойы да, бұл әрекеті де нәтижесіз болған жоқ. Серіктестікті аяғынан тік тұрғызу үшін де талай қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді, талай тер төгілді. Жездемнің келер күнге үміт артып, алыстан ойлайтындығын дәлелдейтін мынадай бір жәйтке тоқталып өтпесем болмас. Одақ тарап, жекешелендіру науқаны басталған кезде, халық игілігіне қызмет көрсетіп тұрған нысандар мен ғимараттарды  талай пысықайлар арзанға сатып алып, оны бұзып, өздеріне үй, қора-қопсы салып, кірпіш, терезелерін сатып жермен-жексен етті емес пе?! Дәл осы кездегі Сұлтан Сейдахметұлы мен Алдаберген Ахметжанұлының қабылдаған шешімдері, әрекеттері нағыз елінің болашағын ойлайтын азаматтардың әрекеті еді. Сарқан қаласындағы жұмысын тоқтатқан «Балалар әлемі» дүкені, «Жетісу» қоғамдық тамақтандыру орны, «Пионерлер үйі», «Тұрмыстық қызмет көрсету» орталығының ғимараты т.б. нысандар серіктестіктің меншігіне көшіріліп алынды. Басқалар сияқты аталған ғимараттарды олар бұзған жоқ. Бірнеше жылдар бойы серіктестікке ешбір пайда әкелмесе де оларды қысы-жазы күзетіп, еш жеріне зақым келтірмей бүтін күйінде сақтап қалды. Қазіргі таңда бұл нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Ауданымызға бірінші болып сырттан инвестиция әкелу де Сұлтан ағаның идеясы еді. Ол ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп тұрған «ТурКа» ұн диірмені. «Сұлтан» ЖШС-нің аудан бойынша жеткен жетістіктері мен атқарған іс-шараларына тоқталсақ ол өзі бір бөлек көлемді мақала болар еді.

Сұлтан Сейдахметұлы 1994 жылы Сарқан аудандық мәслихатының бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды. 1999 жылы облыстық мәслихаттың екінші шақырылымының депутаты, 1999-2003 жылдар аралығында «Отан» партиясының Сарқан аудандық филиалының алғашқы хатшысы қызметін атқарды. Дәл осы жылдары мектептерде жылу болмай, сынып бөлмелерінде жеке от жағу ошақтары орнатылып, оған ата-аналар кезекпен отын әкеліп жағып, әбігерге түскен кезең кімнің де болса есінде болар. Облысымызда бірінші болып сол кездегі аудан әкімі Ғалинов Тұрсынбай Шантуұлымен біріге отырып аудан мектептеріне сұйық отынмен жылытатын қазандықтар орнатуға облыстық мәслихат депутаты ретінде ықпал етті.

«Пограничник» орта мектебінде директор болып қызмет атқарып жүргенде Бейсенбаевпен  жұмыс барысында тығыз байланыста болдым. Сұлтан Сейдахметұлының шындықты бетке айтатын турашылдығы мен сыпайылығы, талап қоя білетін қаталдығы мен мейірімділігі, еңбекқорлығы, әр адаммен тіл табыса алатын мәдениеттілігі, үнемі таза, жинақы жүретіндігі, жеке басының мәселесінен гөрі, қоғам мәселесін бірінші орынға қоятын саяси білімділігі сол кездегі біз сияқты жас мамандарға үлкен мектеп еді»,-дейді оқу ағарту ісінің үздігі Құлахметова Бану Ағабдолдақызы. Жездемнің Кеңес Одағы кезіндегі және еліміз егемендік алғаннан кейінгі ауданымыздың саяси-әлеуметтік даму жолында атқарған еңбектері елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мемлекеттік марапаттаулар мен төсбелгілердің иегері болды.

Ауданымызда бірінші болып «Сарқан ауданының құрметті азаматы» атағын алуы да тегін емес. Жалпы жездем қиыншылығы мен қызыққа толы, сыйы мен сынағы қатар кездескен өзгерістерге толы өмір сүрді. Үйдің үлкені болғандықтан қарындас, бауырларынан ағалық мейірімі мен көмегін аяған жоқ. Олар да ағаларын ерекше құрметтеп, сыйлай білді. Әкеден ерте қалдық. «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген бар ғой. Рас, жезделерімнің барлығынан, оның ішінде Сұлтан жездемнен де әкеге лайық қамқорлық көрдім деп айта аламын. «Сіздің өміріңіздегі ең мықты ұтысыңыз – менің әпкем» деп жездеме уәж айтушы едім. Расында солай. Әпкем Күләтай, жездемнің ел алдындағы беделін асқақтату үшін қандай қиыншылыққа да төтеп берді. Қиын-қыстау сәттерде қолдаушысы, жанашыр серігі бола білді. Түскен ортасына адал келін бола білді. Оны бүкіл ел біледі! Пенде болған соң жаратушының сыйы мен сыны қатар жүреді емес пе? Ұлдары Дастанның жазықсыз жала жабылып, істі болуы, мезгілсіз өмірден өтуі бәрімізге де ауыр соққы болды. Жездемнің денсаулығы да күрт төмендеп кетті. Осындай сәттегі әпкемнің іс-әрекеті, өзін-өзі ұстауы нағыз қазақ әйелдеріне тән парасатылық пен батырлықтың үлгісі болды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген бар ғой. Балалары Әділбек пен Лаурадан үш немере, немересі Сүлейменнің артынан Дастан мен Тахминадан тараған жеті немере, Денис пен Настядан тараған екі немере өсіп келеді. «Орнында бар оңалар» деген бар емес пе?! «Жаратушы соларға ғұмыр берсін» деп тілейік. Жездем 71 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жаны жәннатта, тәні рахатта болып, артына Алла берекесін берсін дейміз!

2022 жылы 9 мамырда сағат 12:00-де «Дархан» мейрамханасында Бейсенбаев Сұлтан Сейдахметұлының өмірден өткеніне бір жыл, ұлы Дастан Сұлтанұлының өмірден өткеніне үш жыл толуына байланысты үлкен ас беріледі. Осы жанұяға тілеулес болып жүрген жанашыр жандарды асқа шақырамыз!

Ұлжан НҰРҒАЛЫМҚЫЗЫ.

Сарқан қаласы.  

Мәліметпен бөлісу: