
Жетісу облысының шекаралық Панфилов ауданында бір мезетте 4 ауылға табиғи газ жеткізілді. Осылайша, ауылдық жерде тұратын 9 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Әулиеағаш, Ақжазық, Аққұдық, Шолақай ауылдары газға қосылды. Енді Панфилов ауданында Жаркент қаласын қоса айтқанда, 16 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған.
Газ жағу рәсімі Әулиеағаш ауылында өтті. Қуанышты оқиғамен ауыл тұрғындарын өңір басшысының атынан аудан әкімі Марат Сағымбек пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Азамат Бейсбаев құттықтады.
Газ жабдықтау мамандары тұрғындарға газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, ақпараттық буклеттер таратты.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары алғыстарын білдіріп, енді көмір мен отын сатып алу, оны тасу, күл шығарып, пеш жағу сияқты қиындықтардың артта қалғанын айтты. Бұл күнделікті тұрмысты едәуір жеңілдетеді.
Олардың қатарында үйі алғашқылардың бірі болып газға қосылған Әулиеағаш ауылының тұрғыны Қойшыбай Шалабаев та бар.
– Ауыл тұрғындары үшін бүгін – қуанышты, мерекелі күн. Біздің отбасымыз бір қыста 6 тонна көмір, бір тоннаға жуық отын жағатын. Бұл аз қаражат емес. Көмір мен отынды үйге кіргізу, пеш жағу, күл шығару – күнделікті ауыр жұмыс. Әсіресе, жасы үлкен адамдарға қиын. Енді үйіміз жылы әрі жайлы болады, күнделікті күйбең тірліктен де арыламыз, – дейді ол.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Айгүл Алтынбекова да ой бөлісті.
– Үйіміздің газға қосылғанына қуаныштымыз. Үйдің шаруасына басты жауапты адам ретінде маған бұл өте қолайлы болып отыр. Үзбей пешті жағу қосымша әуреге салатын. Үйдің қабырғаларына күйе қонып, жиі тазалауға тура келетін. Оның үстіне пешті бақылап, уақытылы көмір салып, күлін шығарып отыру қажет. Енді мұның бәрін ұмытамыз. Үйіміз үнемі жылы. Босаған уақытымды отбасыма және үйдің басқа да шаруасына арнай аламын. Бұл — біз үшін үлкен жеңілдік, – дейді ауыл тұрғыны.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Панфилов ауданын газдандыру жұмыстары аясында қазіргі уақытта 2 ауылда құрылыс жұмыстары аяқталған, тағы 8 ауылда жалғасып жатыр. Елді мекендерді газға қосу кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Соның нәтижесінде биыл ауданның газдандыруға жататын барлық 26 елді мекені көгілдір отынға қосылады. Сөйтіп 119,9 мың тұрғын газға қол жеткізіп, 682 шақырым газ желісі тартылады. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, Тұрпан, Садыр, Диқанқайрат, Сарыбел, Басқұншы, Көктал-Арасан ауылдарын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бұл елді мекендерде құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жетісу облысы құрылған күннен бастап өңірді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, облыс құрылғанға дейін Жетісуда Талдықорғанды қоса алғанда, бар болғаны 5 елді мекен газбен қамтылса, бүгінде олардың саны 115-ке жетті. Қазіргі уақытта 468,5 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген.
Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының мерзімінен бұрын аяқталуы биыл Сарқан, Ақсу, Алакөл аудандарын газдандыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бүгінде осы үш ауданның 133,9 мың тұрғыны бар 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісімшарттар жасалған. Осылайша, ірі жобаларды мерзімінен бұрын жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жедел шешуге жол ашады.
Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі аралықтағы, Панфилов ауданын қоса айтқанда, жалпы саны 126 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 518 мың тұрғын немесе облыс халқының 74 пайызы табиғи газға қол жеткізеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Панфилов ауданының әкімдігі ұсынды
Фотограф: Дархан Ораш
